Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Татарстаннан 50 спортшы келеді

Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Татарстаннан 50-ге жуық адам қатыспақ. Құрама мүшелері бауырлас халық, діні мен ділі ортақ қазақ бауырларымыздың жерінде өтетін бәсекеге жоғары дайындықпен бара жатырмыз дейді. Олар күрес, қазақша күрес, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен бақ сынамақ. Жалпы Татарстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 2016 жылдан бастап қатысып келеді. Осы уақыттан бері татар спортшылары 5 медальды қанжығасына байлады. Алдағы күндері болатын дүбірлі дода жүзден жүйрікті анықтап, әділ өтетініне сеніміміз мол дейді. 

Айрат Гатауллин, Татарстан Республикасы Спорт министрлігінің сарапшысы:

– Көпшенділер ойындары біз үшін өте маңызды. Себебі тек биыл ғана кореш жарыс тізіміне кіргізілді. Сондықтан өзіміздің жоғары дайындықты көрсетеміз. Татарстан үшін корештің орны бөлек. Бұл ата-бабаларымыздан қалған, ежелден келе жатқан спорт түрі. Біз республикада бұл спортты дамытып, танытқымыз келеді. Өйткені басты мақсат – салт-дәстүрді сақтап, дәріптеу. Осы спорт түрінен чемпионтаттарды да дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз.

Динар Каримуллин, спортшы:

– Көшпенділер ойындары барлық халықтарды біріктіретін шара. Мен Түркияда өткен Көшпенділер ойындарында жеңіске жеттім. Биыл да біздің спортшылар жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз. Алайда бәсеке өте жоғары екенін білеміз. Тіпті қатысуға ниет білдірген мемлекеттердің саны біздегі әлем чемпионатынан көп екенін естіп, дайындықты күшейттік.