Ұшақ апатының себептері анықталып жатыр

Ұшақ апатының себептері анықталып жатыр

Ақтау маңында Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі ұшақ апаты салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы аман қалды. Бұл ресми деректерді үкіметтік комиссияның басшысы, премьер-министрдің орынбасары жария етті. Қанат Бозымбаев ауруханаға жеткізілгендер толық көлемде медициналық көмек алып жатқанын жеткізді. Құтқару шараларына республикалық деңгейдегі жоғары білікті мамандар тартылды. Сондай-ақ, Қазақстанға Әзербайжанның санитарлық авиация бригадасы мен Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы борты келіп, соңғылары өз азаматтарын эвакуациялады. Сонымен қатар Маңғыстау өңіріне келген қайтыс болған және түрлі жарақат алған шетелдік азаматтардың жақындарына да облыс әкімдігі қажетті көмек көрсетуде. Олармен психологтар бригадасы да жұмыс істейді. Әуе апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Апаттың себептері анықталып жатыр. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:  

- Қозғалған қылмыстық іс шеңберінде барлық деректер жиналып, қажетті сараптамалық жұмыстар жүргізіледі. Бұның бәрі апатқа қатысы бар елдердің арнайы қызметтерімен бірге жасалады. Қара жәшік ашылған соң ондағы мәліметтің бәрі дереу жария етіледі. Сондықтан ұшақ апатына қатысты қандайда бір мәлімдемелер жасап, себептерін анықтауға әлі ерте. Сарапшыларға өз ісін атқаруға мүмкіндік берейік. Бұл жұмыстың барлығы Қазақстан Республикасының юрисдикциясында. Әуе апаты Қазақстанда орын алды. Сондықтан барлық тергеу шаралары Бас прокурордың қатаң бақылауында.  

Қазіргі уақытта оқиға орнында ұшақтың конструкциясын бөлшектеу жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға барлығы 300 астам адам, 100 көп техника, 2 әуе кемесі және 6 кинологиялық жасақ жұмылдырылды. Естеріңізге сала кетейік, әуе кемесінің бортында 4 елдің - Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Ресейдің азаматтары болған. Барлық алты қазақстандық қаза тапты, оның ішінде біреуі бала. БҰҰ Бас хатшысы да көңіл айтып, барлық зардап шеккендердің тезірек және толық сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Бүгін Әзербайжанда Баку-Грозный әуе рейсінің апатына қатысты аза тұту күні.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?