Қазақстан мен Корея Республикасы 11 бірлескен құжат бекітті

Тарихи оқиға - Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Президентінің елімізге жасаған мемлекеттік сапарына осындай баға берді. Бүгін Ақордада мемлекет басшысы мен Юн Сок Ёль шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге ниетті екенін тағы да растады. Қазіргі таңда кәріс елімен  арадағы  тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Таңғы шық елі Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі санатына енді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз.

Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастық арасындағы жұмыс тобы құрылған. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді.

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті:

- Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қарқынды дамып келе жатқан екі ел арасындағы ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқыладық. Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағдаластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келісімге қол жеткіздік.

Тараптар ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты да дамыта түспек. Мәселен, Түркістанда Кореяның Усонг университетінің филиалын ашу көзделуде. Келіссөздер нәтижесінде барлығы 11 құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек тараптар Орталық Азия бестігі мен Корея диалогын одан әрі дамытуға уағдаласты. Сондай-ақ, Қазақстан Корея Республикасының «K-Silk Road» тұжырымдамасын және корей тарапының осы форматтағы алғашқы саммитін келесі жылы Сеулде өткізу туралы ұсынысын қолдайды.