Сарапшылар Қазақстандағы криптоиндустрияның дамуын талқылады

Сарапшылар Қазақстандағы криптоиндустрияның дамуын талқылады

Қазақстан өңірлік криптохаб ретіндегі өз позициясын нығайтуда. Қалыптасқан реттеуші база мен мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалог халықаралық компанияларды тартуға және елімізде жаңа технологиялық жобаларды іске қосуға ықпал етеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде осылай деп атап өтілді. Бұдан бөлек Қазақстанда аталған нарықтың заңды инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде. 1 мамырдан бастап крипто айырбастаушыларды лицензиялағаннан кейін криптовалюта банктер, финтех-компаниялар және төлем сервистері арқылы қаржы жүйесіне біртіндеп кіріктіріледі. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында 30-дан астам лицензияланған компаниялар, соның ішінде криптобиржа мен цифрлық активтер провайдерлері жұмыс істейді. Ал орталықтың өзі цифрлық активтерді реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енді.


Алтай Слямов, АХҚО қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті қаржы технологиялары департаментінің директоры

- Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында жұмыс істегісі келетін жаһандық ойыншылар тарапынан үлкен қызығушылық байқалады. Астана халықаралық қаржы орталығының аумағына келу және лицензия алу арқылы өз платформаларында сауда көлемі бойынша әлемде бірінші, екінші орын алып отырған Binance, Bybit сияқты жаһандық компаниялардың Қазақстан аумағында жергілікті өкілдігі бар. Қазір басқа биржалар мен инфрақұрылымдық ойыншылар да біздің аумаққа кіруге ниет танытып отырғанын білеміз.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, токенделген активтер нарығы таяу жылдары әлемдік экономиканың ең жылдам өсетін сегменттерінің біріне айналуы мүмкін. Қазақстан қазірдің өзінде қажетті құқықтық негізге, дамыған қаржы инфрақұрылымына және халықаралық инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайларға ие. Бұған қоса, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде Азиядағы алғашқы крипто қала - Алатаудың пайда болатынын жариялады. Осының бәрі Қазақстанның жаһандық сандық активтер нарығында елеулі орын алуы үшін қажетті алғышарттар жасайды.


Талғат Досанов, Intebix, Solana крипто компанияларының өкілі

- Цифрлық активтерді токенизациялау 5 жылдан кейін 30 трлн долларды құрайды. Бұл әлемдік ЖІӨ 10% тең. Қазақстанның көшбасшылардың бірі болуға барлық мүмкіндігі бар, себебі бізде бұған қажетті заңнамалық база қалыптасты, жер қойнауымызда Менделеевтің кестесі түгелдей табылады, сондай-ақ криптовалютамен жұмыс істейтін банк жүйесі құрылды. Осының бәрін бір жүйеге келтіріп халықаралық және  қазақстандық инвесторларға дұрыс жеткізу керек. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?