Қазақстан мен Еуропалық одақ 2025–2026 жылдарға арналған стратегиялық әріптестіктің жол картасын әзірлеп жатыр. Құжатта цифрландыруды қолдау және геодеректерді басқаруға басымдық берілген. Бұл жөнінде «Қазақстан – Еуроодақ» диалогтік платформасының 16-шы отырысында айтылды. Жиынға Қазақстан Премьер-министрі, Еуропалық Одақ Өкілдігінің Уақытша сенімді өкілі, дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты. Олжас Бектенов республикамызда 2029-шы жылға дейінгі жаңартылған инвестициялық саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Үкімет нормативтік рәсімдерді бюрократиядан арылту және оңтайландыру үшін мемлекеттік басқаруға цифрлық шешімдер енгізуде. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның сыртқы саудасының үштен бірінен астамы және тартылған инвестицияның жартысына жуығы кәрі құрлық елдеріне тиесілі. Былтыр өзара тауарайналымы 17% ұлғайып, 50 млрд долларға жеткен.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

