Бүгін қазақстандықтар күн мен түннің теңелу мерекесі Ұлыстың ұлы күні -
Наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті. Осыған орай ел аумағында ұлттық ойындар, театрландырылған
қойылымдар, концерттер мен мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Бұл күні Астанада
көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамына орайластырылған халықтық серуен
басталды. Елордада алты алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауылдар ашылды.
Келушілер мерекелік концертті тамашалап, ұлттық спорт түрлерінен күш сынасты. Cонымен
қатар Астана тұрғындары мен қонақтары бауырсақ, палау, наурыз көже, ірімшік
тағамдарынан дәм татып, алтыбақан тебеді. Жалпы, Наурыз мейрамына орай Астанада
50-ге жуық киіз үй мен 10-нан астам алтыбақан орнатылды.
Бахтияр Масанов, Астана қаласы әкімдігі
спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы:
-Бізде 21-22 күндері Астана қаласының 5 ауданында үлкен
көлемді, керемет іс-шаралар өтеді. Соның ішінде спорттық шараларға тоқталып
кетсек, ол: Есіл, Байқоңыр, Нұра аудандарындарында ұлттық спорт түрлері, яғни,
ол: қазақ күресі, қошқар көтеру, осы ақырғы 2 жылда үлкен тренд болып жатқан
қошқар көтеру, армрестлинг, кір көтеру, арқан тарту секілді үлкен іс-шаралар
өткізіледі.
Келесі күні басты мерекелік шаралар Астананың барлық аудандарында ұйымдастырылады.
Мейрам күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ұлттық этноауылдан басқа,
тақырыптық музей-киіз үйлерді, ұлттық салт-дәстүрлерді, театрландырылған
қойылымдарды, айтыс пен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін
концерттерді тамашалайды. Бұдан басқа, келушілер қышшылардың, зергерлердің,
киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарымен
танысады. Сонымен
қатар, 24 наурызда Есіл өзенінің жағасында Astana Nauryz Marathon ірі қайырымдылық
спорттық шарасы өткізіледі.