Елордада Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында көрме ашылды. Үш бөлімнен құралған экспозиция 100-ден астам жәдігерді қамтиды. Мұнда Рейхстагқа ту тіккен – Рақымжан Қошқарбаев пен тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі – Сағадат Нұрмағамбетов секілді соғыста ерлік көрсеткен қазақстандық батырлардың ерлігі жайлы материалдар ұсынылған. Одан бөлек, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы мен дамуы туралы да тың деректер бар. Көрмедегі жәдігерлердің басым көпшілігі-Президент орталығының қорында сақтаулы тарихи және заманауи қару-жарақ түрлері. Шара қонақтары Кольт, Браунинг, Стечкин және өзге де аты аңызға айналған қару құрастырушылардың қолынан шыққан туындылармен таныса алады. Сонымен қатар АҚШ, Еуропа, Ресей және Түркияда жасалынған тапаншалар және өзге ерекше қару үлгілерін тамашалауға болады.
Анар Оспанова, ҚР Президенттік орталығының аға сарапшысы:
– Алғашқы тапанша ретінде ежелгі қытайдың отты найзасын атауға болады. Ол «Отты қару найзасы» деп аталған. Ол туралы алғашқы деректер 1259 жылы пайда болған. Бұрындары тапанша тек бір рет қана ата алған. Одан кейінгі тапанша эволюциясын Козимир Лефошенің есімімен байланыстырамыз. Ол құрамында 5-6 оғы бар, айналмалы оқпанды қару жасаған. Револьвердің алғашқы түпнұсқасы «Бундель» деп аталған. Бұрыш салғышқа ұқсағандықтан, пепербокс деп те аталып кеткен. Бізде Екінші Дүниежүзілік Соғыс кезінде қолданылған Маузер К-98 винтовкасы да бар. Олар 1935 жылы тура соғыстың алдында жасалып, Екінші Дүниежүзілік Соғыста жаппай қаруға айналды.