Қазақстандық десантшы АҚШ-та өткен «Үздік сарбаз 2024» сайысында бірінші орын алды. Жарыс барысында Мухиадин Сұмағұл 20 шақырымдық қашықтықта жаңа рекорд орнатты. Бұл межені отандасымыз бар болғаны 1 сағат 59 минутта бағындырды.
Турнирдің ұйымдастырушылары қазақстандық әскеридің жетістігін аты аңызға айналған Олимпиада ойындарының жеңімпазы – Элиуда Кипчогемен салыстырды. Ол спорттық мансабында World Marathon Majors әлемдік сериясының 12 сайысында топ жарған. Отандасымыз доданың әр кезеңінде жарыс жолағын бірінші болып кесіп өткен.
Тағы бір қазақстандық әскери – Орынбек Сандыбеков осы жарыста екінші орынға жайғасты. Бұл турнир бірнеше бағытта өткенін атап өткен жөн. Оның ішінде автоматты қайта жинау, ату, тұрғылықты жерде бағдарлау және тағы басқа сайыстар болды.
Мухиадин Сұмағұл, 35-і гвардиялық десант-шабуылдаушы бригадасының сержанты:
– Осы жетістікке анамның қолдауының арқасында жеттім. Қызылордада оқып жүрген кезден бері жарыстарға қатысып келемін. Белтемірге тартылудан, күрестен жарыстарға қатыстым. Жүлдегерлер қатарынан көрініп, орын да алып жүрдім.
Рустем Сеитов, 32363 әскери бөлімінің сержанты:
– Осы сайысқа қатысу үшін арнайы жоспарымыз да болды. Күніне 2 сағатты арнайы жаттығуға арнадық. Оның ішінде белтемірге тартылу, гір тастарын көтеру, ауыр атлетикамен де айналыстық. Артынша, жеңіл атлетикамен де айналыстық. Оны дайындау үшін арнайы нұсқаушы да жалдадық.
Қазір жас өрендер десант-шабуылдаушы әскер қатарында өздерінің Отан алдындағы борыштарын өтеп жүр. Аты аңызға айналған, батыр десантшыларды дайындаған гарнизон Қонаев қаласының жанында орналасқан.