Ақордада Қазақстан Президентіне 4 мемлекеттің Кувейт, Моңғолия, Монако Княздігі және Эль-Сальвадор Республикасы елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар Президент елімізде ауқымды реформалар іске асырылып жатқанына тоқталып, 15 наурызда республикада жаңа, мазмұны жағынан прогрессивті Конституция қабылдау бойынша референдум өткенін еске салды. Біз «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстан барлық елдермен конструктивті әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған бейбіт және теңгерімді сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті. Президент елімізде жақын күндері өтетін маңызды іс-шараларға тоқталып, келесі аптаның жұмыс кестесі өте тығыз болатынын тілге тиек етті. Моңғолия Президенті сапармен келеді. Астанада БҰҰ аясында Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырылады. Сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
Гунаажавын Батжаргал, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бүгінде біздің елдеріміз стратегиялық серіктестікті дамытуда. Сонымен қатар, арамыздағы сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Моңғолия Президенті келесі аптада Қазақстанға келіп, Астанадағы өте маңызды халықаралық іс-шара - Өңірлік экологиялық саммитке қатысады. Мен елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты дамытуда өсіп келе жатқан әлеуетті көріп отырмын.

