Қазақстандықтар жеке меншік ЖЭК қуатын сата алады

Қазақстандықтар жеке меншік ЖЭК қуатын сата алады

Қазақстандықтар өзінің шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздері нысандарынан артылған электр энергиясын сата алады. Ол қуаты 200 киловатт-сағаттан аспайтын күн панельдері немесе жел қондырғылары болуы мүмкін. Бұл үшін қондырғы иесіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Жаңартылатын Энергия көздерін қолданушыларды қолдауға бағытталған заң жобасын Мәжіліс бірінші қаралымда мақұлдады. Төменгі палата депутаттарының сөзінше, электр энергиясын тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келе жатқандықтан, алынған қуат көзін азаматтар жеке үйде, пәтерде де өз қажеттіліктері үшін және шаруашылық пен кәсіпте де пайдалануына болады. Аталған құжат, одан бөлек «жасыл» энергияны сатушылардың алдындағы кедергілерді жоюға бағытталған. Оның шекті бағасын орнату құқығы табиғи монополияны реттеу комитетінің құзыретінде болады. Халық қалаулыларының айтуынша, Жаңартылатын Энергия Көздерінің шағын нысандарының ортақ қуат желісіне қосылу тәртібін және қуат көзін сатып алушы мен сатушы арасындағы келісім құжаттарын рәсімдеу ережелерін де құзырлы органдар реттейді. Шағын су электр станцияларына келер болсақ, заң жобасы оларға электр энергиясын жекелеген жеке кәсіпорындарға жеткізетін компанияларға тікелей сату құқығын береді.

 

Бауыржан Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

– Күн панелін бұрындары 100 киловатт-сағат қуатымен шектелетін болса, бүгінде қуаты 200 киловатт-сағатқа дейін қоюға болады. Оның ішінде, шағын және орта кәсіп болуы мүмкін немесе әлеуметтік нысан, мектеп жеке үй болса да болады. 200 киловатт-сағаттың мен тек 50-ін ғана өзім қолдануым мүмкін. Оның ішінде тағы 150-ін энергиямен қамтамасыз ететін компанияға арнайы тарифпен де сата аламын. Бұл қуат көзінің тасымалдануы тегін.