Ақмола облысында «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Қазақстан Президенті қатысушыларды іс-шараның аяқталуымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өскелең ұрпақтың рухын шыңдайтын, оларды отаншылдыққа тәрбиелейтін өте маңызды жиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде ұйымдастырылды. Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. 1 шілде күні мемлекетіміздің Бас құжаты заңды күшіне енеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ата заң, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды. Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын!
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізіп, «Жас сарбаз» қозғалысының айрықша рөліне назар аударды. Ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы және студент бар. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай бастамалар жастардың бойына озық құндылықтарды сіңіретінін айтты. «Айбын» халықаралық жиыны осыған бағытталған. Оның бағдарламасына интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар енді. Биылғы жиын Қазақстанның бірнеше аймағынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 50 астам команданың басын қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы күндері сіздер нағыз достық пен өзара құрметтің, ұйымшылдық пен мызғымас бірліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Жарайсыздар! Жеңімпаз болған командаларды шын жүректен құттықтаймын! Рухты жастардың осылай бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен сенімді нығайта түсері сөзсіз.
Кейін Президент Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге барды. Қасым-Жомарт
Тоқаевқа Aibyn App цифрлық платформасы мен колледж кітапханасы таныстырылды. Бұдан
бөлек, оқу-зертхана кешенін аралап көрді. Мұнда кадеттер отандық симуляциялық
қондырғыларда жаттығады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа заманауи әскери техникалардың
үлгілері көрсетілді. Президент әскери колледжге автобус кілтін тапсырды.

