Қазақстанда 2025 жылдан әлемнің жетекші ЖОО шетелдік филиалдарында IТ-мамандары оқытыла бастайды

Қазақстанда 2025 жылдан әлемнің жетекші ЖОО шетелдік филиалдарында IТ-мамандары оқытыла бастайды

Жасанды интеллект және деректерді басқару. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технология университеті 2025-ші жылдан бастап осы бағыттар бойынша мамандар даярлау жөніндегі бірлескен бағдарламаны іске қосады. Келісім аясында студенттер алғашқы төрт семестрді Қазақстанда, кейін тағы сонша уақыт Кәріс елінде білім алмақ. Оқуларын толық тәмамдаған соң түлектер қос дипломның иегерлері  атанады.

 

Нұрлан Құлмырзаев, Жасанды интеллект институтының директоры:

 

- Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технология университеті бірлесіп ашқан бағдарламасына мемлекеттен 100 грант беріліп отыр. Бұл өз кезегінде біздің білім алушыларымызға СеулТех-тің ең мықты деген ЖИ бағдарламалары мен және мықты профессорларынан білім алуға мүмкіншілік береді.

Болашағын айти саламен байланыстырғысы келетін талапкерлер бұл таптырмас мүмкіндік екенін жақсы түсінеді.

 

Тимур Джусаруб, талапкер:

 

- Мен биыл мектеп бітірдім. Математика-информатика пәндерін таңдаған едім. Айлтс 5,0 сертификатын алдым. Қорқыт ата университетінің жанынан құрылған жасанды интелект институына оқуға түскім келеді. ІТ мамандығын таңдадым.

Бірлескен жоба аясында инженерлік-техникалық мамандықтардың магистрлері мен докторанттары Сеулдың озық технологиялар институтының филиалында даярлау жоспарланған. Сонымен қатар, «Woosong» университеті келесі жылы елімізде компьютерлік бағдарламалау және киберқауіпсіздік саласы бойынша өз кампусын ашпақ ниетте. Оның түлектері Корея Республикасында жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, отандық ғалымдар осы мемлекеттің жетекші ЖОО мен ғылыми кешендерінде тағылымдамадан өте алады.