Төрткүл
дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жайында әлемдік басылымдар
жарыса жазды. Қазақстан астанасындағы дүбірлі додаға Еуроньюс ауқымды репортаж
арнады. Онда әр спорт
түрі жайлы толымды мағлұмат ұсынылған. Сондай-ақ, бұл қара күштің ғана
емес, ақыл-ойдың зияткерлік сайысы екені атап өтілген. «Көшпенділер
ойындары - Орталық Азияның олимпиадасы». BBC-дің ресми сайтында осы тақырыппен
көлемді мақала жарияланды. Автор көшпенділердің құсбегілік ойындарына ерекше
назар аударған. Шынымен де
саятшылардың жыртқыш құсты аңға салу сайысы аламан жарыстың көркін қыздырды.
Биылғы
жарыстың жағырафиясы кең. Тартысқа әлемнің 10 мемлекетінен 42 спортшы құстарын
үкілеп әкелген. Олар 18 бүркіт пен 12 ителгі, 12 қаршығаны жарыс жолына қосты.
Орталық Азия халықтарының қанына сіңген дәстүрлі ойынына алғаш қатысқан елдердің
қатарында Испания, Венгрия, Канададан келген саятшылар бар. Шетелдік
қонақтардың ептілігіне қарап-ақ, жаһан жұртының көшпенділер өркениетіне қызығушылығы
артқанын аңғару қиын емес.
Ентик
Фрейша Мас, құсбегі, Испания:
-
Мен Көшпенділер ойынына алғаш рет қатыстым. Бүркітті алаң иелері берді. Біз аз
уақыттың ішінде бір-біріміздің тілімізді таптық. Жалпы жабайы құстарды кәсіби
тұрғыда баптап жүргеніме 15 жыл болды. Осы тәжірибемнің де бұндай жақсы
нәтижеге жетуіме себі тиген болар. Ұлттық ойынның иелерімен бірге ақтық сынға
дейін өтемін деп ойламаған едім. Бұдан былай осы текті жарыстарды қалдырмауға
тырысамын. Мол тәжірибе жинап, ұмытылмас әсерге бөлендім.
Ал, түркиялық Недим
Қызылбұғаның құсбегілікті зерттеп
жүргеніне көп уақыт болмаған. Ғалым жақында қазақтың бүрткішілік төл өнері
жайында докторлық диссертация
жазуға кіріскен. Саятшылық жайында біліп түйгенін шыңдау үшін құсбегілер
жарысына қатысамын деп бел буған.
Недим
Қызылбұға, ғалым, құсбегі, Түркия:
-
Қазақстанда үш ай тұрдым. Бүркітшілік туралы зерттеу жүргіздім. Бүркітшілердің
ауылдарында қонақ болдым. Бүркітші ағайлардан қазақ тілін және бүркітшілік
дәстүрін үйрендім. Бұл жерде үш ай қазақтың суын іштім, тамағын жеп қазақ
сияқты бүркітші болып кеттім. Бүркіттер ақылды құстар. Сіз оны қолға шақырсаңыз
ет беретінін біліп келеді. Оған дос болсаңыз, ол да сізге дос болады.
Астанадағы
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәдениет пен өнерді, салт пен дәстүрді
тоғыстырған ордаға, түрлі ұлт өкілдерін ұйыстырып достығын жарастырған құтты
мекенге айналды. Осылайша, түбі бір түркі халықтарының бірлігі мен
берекесінің бекем екенін бүкіл әлемге тағы бір рет паш етті.