Қазақстандық ғалымдар тағы бір жаңашылдық ұсынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің мамандары зиянды заттары аз брикеттелген көмір жасап шығарды. Бұл үшін ғалымдар төменгі сұрыпты, тауда шығатын көмір түріне осциллатория тұқымды бактериясын қосқан. Зерттеу кезінде белгілі болғандай, микробалдыр өнім құрамындағы күкірт мөлшерін едәуір қысқартуға қауқарлы болып шықты. Отандық ғалымдардың жасап шығарған өнім түрі экологиялық проблемаларды шешуге сеп болады. Ол көмірдің жану кезіндегі аса қауіпті көк түтіннің таралуын шектейді. Бірақ пайдалы қасиеттер мұнымен шектеліп қоймайды. Себебі, бұл өнертабыс тамақ өнеркәсібі, жылу электр қуатын шығаруда, табиғатта және өзге салаларда отандық өндіріске пайда әкеледі.
Алан Аймағамбетов, қазақ-неміс-қытай халықаралық микробиология қолданбалы ғылыми-зерттеу зертханасының кіші ғылыми қызметкері:
– Қазақстандық көмірдің 70-80% жоғарғы сұрыпты емес. Сондықтан көп жағдайда электр энергиясын өндіру үшін қолданылады. Алайда, осы процесс барысында азот және күкірт қосындылары пайда болады. Одан бөлек, төменгі сұрыпты көмір өз бетімен алып қарасақ, құрамында күлі көп, ал калориі аз болып келеді. Сондықтан, қытайлық әріптестерімізбен бірлесе отыра осындай бір зерттеу жасау туралы ой келді. Математикалық модельді қолдана отыра төменгі сұрыпты көмірдегі ең жақсы байланыс құралы микробалдырлар екенін көрсетті. Сондай-ақ, тағы бір зерттеулер барысында микробалдырларды төменгі сұрыпты көмірмен бірге қолданған кезде биореотұрақтылыққа әкелетінін де анықтаған болатынбыз. Бұл – Қазақстандағы алғаш жоба, әлі ешкім микробалдырлардың қасиеттерін зерттеген жоқ.
Ғалымдар енді осы өнертабыстарын заңдастыру үшін патент алуға құжаттарын реттеп жатыр. Бірінші кезекте толыққанды отандық нарықты қамтамасыз еткеннен кейін, шетелдік нарыққа шығуды да көздеп отыр.