Танымал қазақстандық қылқалам шебері Кәміл Муллашевтың 100-ге тарта төл туындысы «Уақыт айнасы» экспозициясына енді. Суретшінің 80 жылдық мерейтойына орай Ұлттық музейде арнайы көрме ашылды. Бейнелеу өнері шеберінің шығармашылық қорында түрлі жанрда жазылған мыңдаған еңбек бар. Отандық автордың жұмыстары халықаралық деңгейде танылып, әлемнің ең үздік мұражайларына қойылған. Таңдамалы туындылары Лихтенштейн, Франция, Англия, АҚШ, Канада, Ресей, Түркия, Қытай, Жапонияның жеке коллекцияларында сақтаулы. Өнер майталмандарының сөзінше, оның қайталанбас қолтаңбасы бар. Ол шығармалары арқылы өмір сүріп жатқан уақытқа жүгінеді. Бұл қасиеті картиналарын тартымды етіп, өнерсүйер қауымды өзіне еріксіз баурайды.
Гүлзира Сәрсенбаева, шебер:
- Мені оның бірегейлігі тәнті етті. Оның шығармашылығын ешкіммен салыстыруға келмейді. Теңдесіз дер едім. Ол барлық жанрда жұмыс істей алады. Әрбір еңбегі философиялық тұрғыдан тереңдігімен ерекшеленеді. Кімнің болсын талғамынан шығады. Сондықтан нағыз хас шебер суретші. Жастарға осындай адамдардың шығармашылығын зерттеуге кеңес беремін.
Кәміл Муллашев, ҚР Еңбек сіңірген
өнер қайраткері, ҚР суретшілер одағының мүшесі:
- Көптеген шетелдік көрмелерде – Италия, Флоренция, Дубай, Мәскеу, Лос-Анджелес, Америка және Францияда қойылған еңбектерім бар. Халықаралық аренаға өзіміздің қайталанбас бейнелеу өнерін танытқым келеді. Әртүрлі мәнерде жұмыс істеймін. Заманауи және классикалық стилистика, реализм, сюрреализм, импрессионизм сынды жанрлар мен кезеңдерді өз шығармашылығымда қамтуға тырысамын. Жақсы кәсіби реализм мектебінен өттім.
Жеңіс Ермұқанов.