Қазақстанда жаңа мереке пайда болады. Яғни, енді күнтізбедегі 3 қыркүйек –тазы мен төбет күні ретінде бекітіліп отыр. Үкімет бекіткен қаулыға сәйкес құжат 28-ші сәуірден бастап күшіне енеді. Осылайша, қазақтың «Жеті қазынасының» бірі саналатын құмай тазы мен ірі тұқымды төбеттеріміздің мәртебесі мемлекеттік деңгейде қорғалмақ. Айта кетейік, құмай тазы жылдамдығы мен төзімділігінің арқасында саятшылықта теңдесі жоқ көмекші, ал тобеттер ежелден отарлар мен тұрғын үйлердің сенімді күзетшісі. Айтпақшы, айтулы дата кездейсоқ таңдалған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын тазы халықаралық кинологиялық орталығының реестріне бөлек тұқым ретінде шартты түрде тіркелген еді. Тазы күнін белгілеу халықаралық одақтың қойып отырған талаптарының бірі.
Абзал Досыман, «Найза» қоғамдық қорының мүшесі:
– Тазы бөлек тұқым ретінде шартты түрде енгізілді. Алда 10-12 жыл керек оның толыққанды тіркелуіне. Енді келесі этапта сол шарттарды орындасақ, тазы бөлек тұқым ретінде тіркеледі. Сол шарттардың бірі мысалы, тазыны кеңінен дәріптеу. Оның ішінде елімізде оның бір мерекесі болуы өте үлкен іс.

