«Дала үні» – «Астана Опера» театрында жаңа премьера

«Дала үні» – қазақстандық және шетелдік қоюшы команданың бірлескен туындысы. «Астана Опера» театры ұлттық балеттің премьерасын елордалық көрермен назарына ұсынды. Жаңа қойылым ауқымды және таң қаларлық. Халық биінің дәстүрлі элементтерімен көмкеріліп, әсем хореографиямен үйлесім тапқан қойылым атақты шетелдік қоюшы Патрик де Банның идеясы.

Балетмейстердің пікірінше, ұлы даланың құпиясына жан дүниеңмен кіріп кетуге қойылымды толықтай сүйемелдейтін Тілес Қажығалиевтің музыкасы мүмкіндік береді. Ал сахнаның безендіруіне келер болсақ, ұлттық балеттің ерекшелігі мен әсемдігін көрсету үшін мұнда бәрі минимализм стилінде жасалған.

ПАТРИК ДЕ БАНА, ҚОЮШЫ ХОРЕОГРАФ:

 - Жел, қар, кеңдік, табиғат, жануарлар мен рух. Мұның бәрін сіздер дәл осы қойылымнан көре аласыздар. Маған «Астана Опера» балет труппасымен бірлесе жұмыс істеу өте қатты ұнады. Жұмыс барысынан үлкен ләззат алдым. Себебі мен өте тамаша адамдармен таныстым, сондай-ақ, тамаша балет артистерімен, өте дарынды бишілермен бірге жұмыс істеп, дайындық барысының әр күні мен әр минутынан ләззат алдым.