Қазақстан су инфрақұрылымын жаңғыртуда. Елімізде 42 жаңа
су қоймасы салынады, 37 гидротехникалық құрылыс пен 14,5 мың шақырым арық қайта
жаңартылады. Үш жаңа су қоймасын салу жұмыстары басталды, тағы екі нысан құрылысы
аяқталу кезеңінде. Соңғы екі жылда бір жарым мың шақырымға жуық су арнасы қайта
жөндеуден өткізілді, 2026 жылдың соңына дейін тағы да мың шақырым су жолы
жөнделеді. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы алқапты жабдықтауға мүмкіндік
береді. Құзырлы министрліктің мәліметінше, жобаларды іске асыру жаңа жұмыс
орындарын құруға, сондай-ақ өңірлердің дамуына және саланың кадрлық әлеуетін
нығайтуға қосымша серпін береді.
Анель Жакайм, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің сарапшысы:
– Жаңа жұмыс орындарын құру өңірлердегі ауылдық жерлерде өмір
сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту
салаға жаңа білікті кадрларды тартуға жол ашады. Бүгінде су мамандықтары
бойынша 2,7 мыңға жуық студент білім алуда. «Қазсушар» республикалық
мемлекеттiк кәсiпорнының филиалдарында өндiрiстiк практикадан өтiп жатқан жастар
саны артты.

