Жер жаһанға қазыналы елдің тарихы мен бай мәдени мұрасын насихаттау. Осының қамында Қазақстанда «Qazaq Culture» атты жоба қолға алынды. Ақпараттық-танымдық портал дүйім жұртқа көнеден тамыр жайған ұлттық құндылықтар мен елдің бүгінгі мәдени тынысынан сыр шертеді. Жобада отандық сахна саңлақтары, қаламгерлер, киноөндіріс майталмандарының тың туындылары, көрмелер мен мерейтойлар, түрлі өңірлік жобалар жарияланады. Бірегей сайт шетел қауымы үшін бейімделген.
Ауқымды жоба БҰҰ-ның 6 тілі және қазақ, түрік тілдерінде ақпарат таратады. Әмбебап дереккөзі заманауи талаптарға сай әзірленді дейді жоба авторлары.
Эльвира Жүргенбаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің ресми өкілі:
– Порталда ақпараттық технологияларға ерекше мән беріліп отыр. Қазіргі таңда трендке айналған жасанды интеллекті осы сайттан көруге болады. Яғни карта арқылы кез келген өңірді таңдап 3D тур арқылы оның мәдени мекемелерінің ішін қарап шығуға болады, әрі тарихи орындарды аралап шығуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ чат-бот арқылы кез келген аақпаратты теріп оған сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндік бар.
Мерей Зейнеш, «Qazaq Culture» сайтының әзірлеушісі:
– Жасанды интеллектің көмегімен сайтқа кірген қонақ өзін нағыз қазақ бейнесінде көре алады. Ол үшін 200 мыңға тарта бейне жасалды. Яғни кез келген шетел азаматы фотосуретін жүктеп, өзін Ұлы даланың батыры немесе жауынгер қызы ретінде сезінеді. Шетелден келген қонақ үшін қажетті ақпаратпен қатар, өзге де қызметтердің бір жерде болғаны маңызды. Ыңғайлы болу үшін бірыңғай билет жүйесін енгіздік. Яғни, сайтты қолданушыға барлық қойылымдар мен түрлі мәдени шараларға билет сатып алу мүмкіндігі жасалды.