Ертең Jibek Joly/Silk Way эфирінде халықаралық Silk Way Star жобасының 9-шы
бөлімі көрермендерге жол тартады. Бұл жолы жоба қатысушылары Қазақстан
эстрадасының жарық жұлдыздарымен бірге өнер көрсетпек. Осылайша ширек кезеңге
жеткен өнерпаздарға әділ қазылар алқасы соңғы рет бағасын береді. Содан кейін
сынақтан мүдірмей өткендердің алдағы тағдырын көрермендер дауыс беру арқылы
шешеді. Айта кетейік, өткен бағдарламада жалпы рейтингте Малайзиялық Язмин Азиз
көш бастады. Оның бұған дейін жинаған ұпай сандары қарсыластарынан оқ бойы озық
тұруға мүмкіндік берді. Әуезді әнімен сахнаны баураған талантты малайзиялық ару
көрермендер мен төрешілердің көзайымына айналып үлгерді.
Silk Way Star қатысушысы Малайзияның әйгілі 30 әйелі» тізіміне енді
Ал, өз елінде Язмин Азиз «Малайзияның әйгілі 30 әйелі» тізіміне енген. Бұл
жөнінде ол әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады. Атап өткен жөн, бұл
талант иесі үшін алғашқы байқау емес, бұған дейін де ол халықаралық жобаларда
төбе көрсетіп, өз елінің намысын жоғары деңгейде қорғап жүр. Сондай-ақ, Silk
Way Star жобасының қазылар алқасының мүшесі Дато Дания да Малайзияның жарық
жұлдыздарының бірі.

