Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз, яғни 14 процент деңгейінде қалдырды. Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет мұндай шешімді қысқа және ұзақ мерзімде инфляция тәуекелдерін ескере отырып қабылдаған. Сондай-ақ қаржылық реттеуші мамырда жылдық инфляция 14 пайызға жеткенін хабарлады. Бұл көрсеткішке азық-түлік тауарларының қымбаттауы айтарлықтай үлес қосқанын айта кетейік. Дегенмен реттелетін коммуналдық төлемдер мен жанар-жағармай құнының қымбаттауына жарияланған мораторий инфляция өсімін әзірге аз да болса ұстап тұр. Сарапшылардың пайымынша, базалық мөлшерлеме осы қалпында тұрса 2022 жылы инфляция 13-15% деңгейінде болуы мүмкін. Дегенмен 2023 жылы жағдай оңалып, қымбатшылық қарқыны біртіндеп 7,5-9,5% дейін төмендейді деп күтілуде. Айта кетейік, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 25 шілдеде жарияланады.