Қазақстандық 5 кәсіпорын ТМД кеңістігінде үздік сапа белгісіне ие болды. Отандық өнеркәсіп орындары қызметін сыртқы нарыққа да ұсынып келеді. Соның бірі – елордадағы полиграфия орталығы. 100 адам жұмыс істейтін мекеме шағын кәсіпкерлік субъектілер арасында үздік шықса, Павлодардағы құбыр өндіретін компания ірі бизнес құрылымдардың көшін бастады. Атыраудағы бекітпе бөлшектерін шығаратын кәсіпорын мұнай-газ саласына үздік қызмет көрсетуші атанды.
Салтанат Әбдікәрімова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры:
– Бизнес процестердің жоғары стандартқа сәйкестендірілуі көрсетілетін қызмет пен жасалатын өнімнің сапасын жақсартуға жол ашады. Халықаралық сарапшылар осы жағдайды бағамдайды. Қазақстанның 5 бірдей кәсіпорны үздік деген бағаға ие болды. Байқаудың 17 жылдық тарихында біз мұндай көрсеткішке қол жеткізбегенбіз.
Байқау өндірушілердің әлеуетін жақсартып, өзара сауда айналымын арттыруды мақсат етеді. «ТМД үздік сапа» белгісіне ие болған бизнес серіктестер үш жыл бойы өнімдерін әлемдік нарыққа ұсына алады.
Ансабхон Зәкіров, Өзбекстан аккредиттеу орталығының басшысы:
– ТМД аймағында тауар өндірушілерді әлемдік нарыққа шығарғымыз келеді. Осыған жағдай жасау керек. Метрология және стандарттау саласындағы реестерге көптеген компанияны қосуды жоспарлап отырмыз. Тауар айналымы тек ТМД кеңістігімен шектеліп қалмайды.