Биыл Қазақстанның көлік транзиттік әлеуетін арттыратын 2 жаңа темір жол желісі іске қосылады. Алдағы айда Достық – Мойынты екінші жолында пойыз жүре бастайды. Жоба бұл бағыттың өткізу қабілетін 5 есе және шойын жол көлігінің жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Осы жылдың соңына дейін Алматы айналма теміржолының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде бұл торабтың жүктемесі 40%-ға дейін жеңілдеп, жүкті жеткізу уақыты 24 сағатқа қысқарады. Бұған қоса, қазір Қазақстанды көршілес мемлекеттермен жалғайтын Дарбаза–Мақтаарал және Бақты–Аягөз теміржол желілерінің құрылысы жүргізілуде.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
- «Бұл жобаларды іске асыру Орталық Азия бағыты бойынша өткізу қабілетін қосымша 20 млн тоннаға, ал Қытай бағыты бойынша 25 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды аяқтау мерзімі – тиісінше 2026 және 2027 жылдар. Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап Трансқазақстандық теміржол дәлізін ауқымды дамыту басталды. Бұл дәліз Транскаспий бағытының негізгі буыны болып табылады.»
Сондай-ақ, Көлік министрлігінің өкілі саяхатшылардың қатынауын жақсартуға бағытталған
бастамалармен де бөлісті. Бүгіннен бастап 7-ші маусымға дейін Сиань–Алматы арасында
жүретін жолаушылар пойызы іске қосылады. Бұл құрам Қазақстандағы Қытай туризм
жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Былтыр Алматы–Түркістан–Ташкен
–Самарқан–Бұхара бағытымен «Jibek joly» және «Keruen Express» туристік
пойыздары жолға шықты. Олар 5 рет сапар жасады. Туристік агенттіктердің
өтініштері бойынша бұл пойыздардың қатынауы биылда жалғасады.

