Қытаймен арадағы шекарада орналасқан Достық станциясында жүк тиеу терминалының екінші бөлігі іске қосылды. Еске салайық, инфрақұрылымдық нысанның құрылысына 9 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Достық станциясындағы жүк тиейтін кешен жылына 160 мыңнан 320 мың контейнерге дейін өткізеді. Жаңа нысан Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропа, Орталық Азия және Парсы шығанағы елдеріне тасымалдау жылдамдығын да арттырады. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда жолдар негізгі магистральдан тыс орналасқан. Сондықтан бұл трансшекаралық теміржол торабын босатуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Батыс Германияға аспан асты еліне тұрмыстық техника тиелген пойыз жөнелтілді.
Тимур Қарабаев, Көлік-логистикалық компанияның Басшысы:
– Мұндай үлкен инфрақұрылымдық жобалар, ең алдымен біздің елдің көлік әлеуетін кеңейтуге септігін тигізеді. Қытайдан Еуропаға және керісінше тасымалданатын транзит көлемі қанша жүк тиеу орындарының бар екеніне, олардың қаншалықты заманауи және дұрыс жұмыс істейтініне байланысты.
Алексей Гром, Бірлескен көлік-логистикалық компанияның Бас директоры, Ресей:
– Бұл – ЕАЭО аясындағы оқиға ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігінде өте маңызды әрі мәнді оқиға. Қазақстандағы транзиттік терминалдың ашылуы Оңтүстік-Шығыс Азияның, Қытайдың, Еуроодақ елдері экономикасының ұштасуына жол ашады деуге болады. Мұндағы қызметтің жылдамдығы, технологиялық қауқары мен өткізу жиілігі жақсара түскен.
Айта кету керек, 2021 жылы Қазақстан арқылы тасымалдау көлемі 20%-тен астамға өсті. Миллионнан көп контейнер жүк транзитімен жөнелтілді.