Су тасқынан зардап шеккен қазақстандықтарға апта соңына дейін бір реттік өтемақы
беріледі. Осыған байланысты өткен жиында Премьер-Министр осындай тапсырма
берді. Бүгінде 3 жарым мыңнан астам отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш
көлемінде өтемақы беріліп, жалпы сомма мөлшері 1 млрд теңгеге жуықтады.
Әкімдіктердің қазіргі жедел мәліметі бойынша табиғи апат салдарынан осы уақытта
9 мың шамасында тұрғын үй зардап шекті. Оның 2 мыңына техникалық зерттеу
жүргізілді. Осылайша, оның жартысы жөндеуге жарамайды деген шешім шығарылды.
Оның орнына қазақстандықтарға жаңа үй салынады немесе таңдауы бойынша нарықта
дайын тұрған үй сатып алынады. Үкімет басшысы бұл тек алдын-ала мәлімет екенін
және ахуалдың қиындығына байланысты зардап көлемі артуы мүмкін екенін тілге
тиек етті. Зардап шеккен өңір әкімдеріне аз уақыт ішінде инфрақұрылымы дайын
жаңа жер телімдерін анықтау тапсырылды. Тағы бір талап: жер телімдері қазір су
басқан жерлерден барынша алыс қашықтықта болуы тиіс.