Үкіметте мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері талқыланды

Үкіметте мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері талқыланды

Қазақстанда көлік иелерін хабардар етуге арналған жаңа қызмет іске қосылды. Сандық жүйе жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүргізушілердің өзара жәрдемдесуі мен азаматтық жауапкершілігінің тың құралына айналмақ. Сондай-ақ, көлік тұрағына қатысты мәселелерді оңтайландыруға бағытталған. Енді жолды бөгеген немесе терезесі ашық қалған темір тұлпар иесіне жасырын хабарлама жіберіледі. Осы секілді жол машақатын шешуге арналған заманауи тетіктер туралы Үкімет отырысында сала басшысы айтты. Жаслан Мәдиевтің дерегінше, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн режимде қолжетімді. Жалпы цифрлық қызметтер кәсіпкерлер үшін тиімді. Мәселен, «eGov Business» арқылы жеке істі тіркеу немесе құжаттарға қашықтан қол қою мүмкіндігі жасалған.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілген - ол деректерді талдап, кәсіпкерлерді ықтимал тексерулер туралы алдын ала ескертеді. Сондай-ақ, нақты қызмет түрлері бойынша барлық нормативтік құжаттар мен ережелерді қамтитын «Міндетті талаптар тізілімі» модулі қолжетімді. Бұл бұзушылықтар қаупін азайтады және бизнестің құқықтық сауаттылығын арттырады. Болашақта жаңа сервистер іске қосылады: әлеуетті клиенттерді іздеу, нарықтық аналитика, сұранысты мониторинг. Барлығы кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін.

Мемлекеттік қызметтерді сандық үлгіге көшіру - заман талабы. Сала мемлекет пен халықты байланыстыратын көпір іспетті. Сондықтан Премьер-министр маңызды істі жеделдетуді тапсырды. Олжас Бектенов қазақстандықтардың цифрлық көмекшісі - eGov Mobile инфрақұрылымы тәулік бойы мінсіз жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Сондай-ақ, Үкімет басшысы деректерді қорғау мен сандық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекеттік органдарға осы жылдың соңына дейін барлық ақпараттық жүйелерді дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисіне қосуды аяқтауды тапсырамын. Цифрландыру министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, дербес деректермен жұмыс істейтін мамандардың жауапкершілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуі қажет. Осы саладағы бұзушылықтар үшін жазаны күшейту керек. Мемлекеттік органдар қабылдайтын барлық шаралар кешенді сипатта болуы тиіс.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?