Мемлекет басшысы Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасын қабылдады

Өткен жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық 6 млрд долларға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселене түспек. Сондықтан келешекте өзара сауда айналым 10 млрд  долларға жетуі әбден мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш кездесуде Қазақстан мен Түркияның кеңейтілген стратегиялық әріптестігін нығайту мәселелерін талқылады. 

Тараптар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ықпалдастығын күшейту, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Мемлекет басшысы парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалады. Өз кезегінде, Нуман Куртулмуш сауда, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы елдердің өзара іс-қимылын кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ түрік спортшылары осы жылдың қыркүйек айында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді қатысатынына сенім білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінгі кездесу Достық және ынтымақтастық туралы келісімнің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Жақында ғана әріптесім Режеп беймен телефон арқылы сөйлестім. Біз үнемі хабарласып отырамыз. Сондықтан екі ел арасындағы диалог өте жақсы дамып келе жатыр. Жалпы, Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіреді.  

Нуман Куртулмуш, Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы:

– Қазақстан – біздің атажұртымыз әрі түркі халқына ортақ рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің отаны. Біз Түркістан қаласына жол жүріп, қасиетті орындарға зиярат етеміз және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде конференция өткіземіз. Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Еліңізде табысты саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар жүріп жатыр. Мұның бәрі Қазақстанның өркендеуіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенімдімін.