Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады

Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өтеді. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу туралы қаулы бекітілді. Референдум өткізу атом энергетикасын дамыту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмектеседі. Олжас Бектенов атом энергетикасын дамыту перспективаларына тоқталды. Үкімет басшысының айтуынша, елімізде шикізат базасының болуына байланысты уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді. Өз кезегінде бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игеріліп, шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Олжас Бектеновтің айтуынша, елімізде сала мамандары мен ғалымдары жеткілікті. Бұған қоса кадр даярлауға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Министрлер кабинетінің басшысы Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатынын жеткізді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып табылмақ. Әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артып отырған бүгінгідей жағдайда бұл мәселенің маңызы айрықша. Біз қазірдің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырмыз. Біздің еліміз сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Сондықтан, біз өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз.