Үкіметте көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары талқыланды

Үкіметте көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары талқыланды

Биыл Қазақстанда егістік алқабы 24 млн гектарға жуықтайды. Оның ішінде 13 млн гектарға астық егілмек. Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы зор және табыстылық деңгейі жоғары дақылдарға басымдық бермек. Атап айтқанда, биыл 3 млн-нан астам гектар алқапқа майлы дақылдар егілмек. Cондай-ақ күнбағыс, қант қызылшасын егуге бөлінетін алқап көлемі ұлғаяды деп күтілуде. Үкіметте, одан бөлек, дәнді, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың жоспарланған көлемі ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жем-шөп дақылдарының ауданы 3,2 млн гектарға дейін ұлғаяды. Бүгінде егіс жұмыстары Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында басталып кеткен. Премьер-министр егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу мақсатында Үкімет қажетті шаралар қабылдағанын да тілге тиек етті. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 

 «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы көздері көктемгі науқандық жұмыстар мен күзгі егін орағына қосымша 425 млрд теңге жеңілдікті кредит бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен 340 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарланып отыр. Форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қаралды.  

Шаруалар мен диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету туралы Энергетика министрі де баяндады. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, елімізде 340 мың тонна отынды тасымалдаудың арнайы жоспары да жасалып үлгерді. Министр дизель отынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда өспегенін мәлімдеді. 

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі: 

 Өткен жылдан баға өзгерген жоқ барлық 20 өңірдегі межелі станцияда ҚҚС-пен литріне 250 теңге және АЖҚС бөлшек сауда бағасынан литріне 45 теңгеге арзан немесе 15 пайызға төмен. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер атына тиеп-жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады.