Қазақстанның сыртқы сауда айналымы қаңтар-ақпан айларында екі еседен астам өсті

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы қаңтар-ақпан айларында екі еседен астам өсті

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында өсіп, 18 миллиард доллардан асты. Оның ішінде экспорт көрсеткіштері 71,5 процентті құрады. Қаржылай мәнде бұл 12 миллиард доллардан артық.

Қазақстанның соңғы үш айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтып берді. Ол дамуда оң динамикасын көрсеткен салаларды атап өтті. Бұл – көлік және қоймалау, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі.

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Өңдей өнеркәсібінде серпінді өсу үрдісі байқалуда. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5 процентке өсті. Барлық өңір бойынша оң өсу көрсеткіштері тіркелді. Ең жоғары өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Солтүстік-Қазақстан және Атырау облыстарында байқалуда. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1 процентке ұлғайды. Құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6 процентке өсті.

Биыл құрылыс саласы да инвестициялық тартымдылық көрсеткенін айта кеткен жөн. Мұнда капитал салымы екі еседен астам өсті. Сондай-ақ, осындай көрсеткішті білім беру саласы да көрсетті. Министр мәлім еткендей, өңірлік бөліністе инвестициялық тартымдылық көрсеткіштері бойынша Шымкент, Ақмола және Павлодар облыстары алда.

 

Автор: Ақзер Сегізбай