Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыру жоспарын мақұлдады

Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыру жоспарын мақұлдады

Қазақстан экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарда осыған бағытталған 76 іс-шара қамтылған. Үкімет құжатты мақұлдады. Оның аясында банктер мен кредиттік ұйымдардың қызметін бақылау қамында жаңа заң жобасы әзірленбек. Оның негізгі мақсаты – экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтер және қаржылық технологияларды реттеу.

Сонымен қатар, елде 2026 жылдың басынан жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Келер жылдың соңына дейін салықтық әкімшілендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылмақ. Сондай-ақ ел Үкіметі агроөндірістік саланың тамырына қан жүгірту үшін де жекелеген шаралар қабылдауға ниетті. Бұдан басқа, құжатта өнеркәсіп бағытындағы ірі жобаларды іске асыру және толыққанды ұлттық автомобиль жасау кластерін құру бойынша бірқатар тың шаруа межеленіп отыр. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

– Жоспарда көрсетілген заң жобаларын уақтылы әзірлеу қажет. Оған сарапшыларды тарта отырып, терең талдау және талқылау жүргізу керек. Сондай-ақ барлық қаржыландыру мәселелерін де жете пысықтау қажет. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек. Басты міндет жоспардың іс-шараларын тиімді және уақтылы орындау.