Қазақстан түркі елдерімен бірге жерді қашықтан зондтайтын жерсеріктер
әзірлеуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл мәселе Түркі мемлекеттері ұйымы
аясында талқылануда. Айта кетейік, ұйымға Қазақстаннан бөлек Әзербайжан,
Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мүше. Сарапшылардың айтуынша, жоба аймақтағы
табиғи және экологиялық өзгерістерді бақылау үшін ғарыштық технологияларды
тиімді пайдалануға және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қайыржан Қожаев, «Қазақстан ғарыш сапары» ұк басқарма төрағасы:
- Бұл жобаның аясында Қазақстан техникалық құрылғыны әзірлеу бастамасын
көтерді. Алайда, Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері оған жобалау, дайындау
кезеңдерінде де қатыса алады, сондай-ақ өз технологияларын енгізуге шақырылды. Барлық
осы жобалар, оның ішінде 2027 жылы ұшырылуы жоспарланған жерді қашықтан
зондтауға бағытталған үш жерсерікті құру жөніндегі ұлттық жоба жинақталған
тәжірибені және саланың даму әлеуетін көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Конго еліне де жерді қашықтан зондтау жүйесін
әзірлейді. Сондай-ақ, еліміз Моңғолиямен бірлесіп KazEOSat халықаралық тобына
кіретін жерсерікті әзірлеу және жеткізу бойынша жұмыс істейді. Бұдан бөлек,
Қазақстан төл спутниктік технологияларын экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл елдің
жаһандық нарықтағы үлесін нығайтып қана қоймай, отандық саланы дамыту үшін
инвестиция тартуға және жерсеріктер тобын
кеңейтуге мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

