Ақордада
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон екі мемлекеттің ресми делегацияларының
қатысуымен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Франция Президенті
Қазақстанға ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронды жылы
қарсы алып, Франция Президентінің Астанаға алғашқы сапары екіжақты
қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін және көпжақты ынтымақтастықты
мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт
Тоқаев ҚР Президенті:
- Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы
маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4
миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен
жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады.
Франция Қазақстан
экономикасына 18 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Бүгінгі таңда
елімізде 170-тен астам француз компаниясы жұмыс істейді. Тараптар арасында энергетика,
құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау
салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта жасыл
энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру
және білім беру салаларында да ықпалдастық орнатылмақ. Кездесу барысында
Қазақстан мен Франция көшбасшылары екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік
туралы келісімнің қабылданғанына 15 жыл толғанын атап өтті.
Эмманюэль
Макрон, Франция Президенті:
- Екіжақты
экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика,
жаңартылатын энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен
дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция
салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық. Бұдан бөлек
мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз да қарқынды дамып келеді. Білім-ғылым
салаларында нақты келісім бар. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз
университеті өз жұмысын бастайды.
Сонымен қатар
екі ел басшылары аймақтық және жаһандық
күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, әлемдегі түрлі саяси
шиеленістер мен түйткілдерді бейбіт және дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Келіссөздер
нәтижесінде Қазақстан мен Франция стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша
ынтымақтастық туралы бірлескен ниет декларациясына қол қойды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт
Тоқаев инвестициялық жобаларды ілгерілету үшін арнаулы жұмыс тобын құруды
ұсынды. Өз кезегінде Франция Президенті Қазақстанның әлемдегі азық-түлік
қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Бұл
ретте аусылға қарсы вакцина өндірісі жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы
маңызды келісімге қол қойылды. Бұдан бөлек француз тарапының қатысуымен Жамбыл
облысында қуаты 1 гигаватт жел электр станциясы салынады. Сонымен бірге қос
тарап теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамды өндіруге инвестиция тарту
туралы келісімге келді.