Қазақстанда жаңа оқу жылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алғашқы
20 нысан пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында салалық ведомство
басшысы мәлімдеді. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, биыл 222 мектеп күрделі
жөндеуден өтеді. Олардың қатарында көктемде су тасқынынан зардап шеккен білім
ошақтары бар. Ғани Бейсембаев 40 білім беру нысанында қалпына келтіру жұмыстары
жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, шалғайдағы ғаламтор желісіне
қосылмаған білім ошақтарына Старлинк жер серіктік интернетін орнату жұмыстары
аяқталуға жақын. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Оқу-ағарту министріне бұл
жұмыстардан бөлек, білім сапасын арттыру бағытында жұмыс қарқынын үдетуге
тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Білім берудің барлық сатыларында сапа бойынша жаңа
талаптар белгіленуі қажет. Орта білім беру саласында жайлы мектептер дамуға
ықпал ететін негізгі стандарт болуға тиіс. Басқа мектептерді олардың деңгейіне
бейімдеп, реновациялау қажет.
Жоғары оқу орындарында білім беру мәселесі де назардан тыс қалмады. Биыл
Үкімет тарапынан 94 мыңнан астам білім гранты бөлінсе, оның 1890-ы шетелдік
белді университеттердің еліміздегі филиалында оқуға бөлінді. Қазіргі таңда 27
шетелдік университеттің филиалын Қазақстанда ашу туралы келісім бар. Оның 7-еуі
осы оқу жылында жұмысын бастайды. Жоғары оқу орындарының санын ғана емес
сапасын арттыру – баса назарда. Бұл ретте университеттер халықаралық
ынтымақтастықты нығайта отырып, неғұрлым тереңдетілген ғылыми-зерттеу
жұмыстарына көше бастады, дейді салалық министр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Жас ғалымдарды, жалпы ғалымдарды әлеуметтік
тұрғыдан қорғау үшін қабылданған заңның аясында оларға қосымша жалақы көтеруге,
қосымша төлемдер, баспанамен қамтамасыз ету, жас ғалымдарға гранттардың санын
көбейту секілді үлкен бірнеше шаралар қабылданған. Ғалымды енді біз
шығармашылық, нақты мәселені шешуге бағыттауымыз керек.