Қазақстанда дрондар шығарылады. Қытайлық компания елімізде ұшқышсыз ұшатын
құрылғылардың өндірісін іске қосуға ниетті. Астанада жаңа өндіріс ошағының
қызметі таныстырылды. Жоба құны шамамен 12 млн долларды құрайды. Биыл зауыт
құрылысы басталмақ. Ал келер жылдан өндірістің толық циклі жолға қойылады деп
күтілуде. 50 мың шаршы метр аймақта дрондарды жинаумен қатар аккумулятор шығаратын цех, ұшу аппараттарын сақтау
және сынақ алаңдары, сондай-ақ инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу
орталығы орналасады. Яғни, онда бұл бағыттағы зерттеулер жүргізіліп, отандық
сала мамандарының тәжірибесі шыңдалады. Жалпы аспан асты елінің компаниясы жоғары
технологиялық дрондардың 50 шақты түрін құрастырады. Олардың қолданыс аясы кең.
Аталған өнімдер ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырумен қатар Орталық Азия
елдеріне экспортталады.
Әліби Дәулет, «KAZAKH INVEST» ҰК жобалық менеджері:
- Біздің еліміз үшін дрон өндіру саласын дамыту – маңызды стратегиялық міндеттердің
бірі. Өйткені бұл дрондар еліміздің ауыл шаруашылығында, экология саласында,
төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылады. Мысалы орман өрттерін, ауа және судың
ластануын қадағалап, су деңгейін бақылайды. Сондай-ақ, төтенше қызметтерге қауіпті
аймақтарды анықтап, эвакуация жұмыстарын үйлестіруге және қажетті
құрал-жабдықтарды жеткізуге ықпал етеді.
Чу Ци, Қазақстанда дрондар өндірісі компаниясының бас директоры:
- Бүгінгі таңда бұл дрондар Қытайдың Шыңжаң өлкесінде жақсы дамыған. Компания
оларды 2015 жылдан бері өндіреді. Бұл ауыл шаруашылық аймақтың климаты
Қазақстанның ауа райына ұқсас. Сондықтан да оларды жергілікті егін шаруашылығын
жетілдіруге қолдануға болады. Мұндағы нарықты зерттедік. Сұраныстың жоғары
болатынына сенімдіміз. Компания Қытайда шығаратын дрондардың бар түрін енді
Қазақстанда да өндіруге ниетті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

