Еліміздің Үкіметі өңірлер мен «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясының алдына биыл осындай міндет қойып отыр. Бұл ретте, шетелдегі қазақстандық мекемелермен бірлескен шараларды қолға алу ісіне қарқын қосу қажет. Премьер-министр Әлихан Смайылов инвестициялық штаб отырысында осылай деп мәлімдеді. Жиында негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша былтырғы жұмыс барысы сараланды.
Айта кетейік, өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестициялық ағын 22 миллиард доллардан асты. Бұл алдынғы жылдың сәйкес кезеңінен шамамен 18% артық. Машина жасау, жаңартылатын қуат көздері, металлургия мен тау-кен кешені және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда 46 инвестициялық жоба іске қосылды. Елдің үздік инвесторлар ондығына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді.