Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізіміне енген тауар түрлері техникалық тұрғыда толық реттелетін болады. Мәжілісте осыны көздейтін заң жобасы бірауыздан мақұлданды. Депутаттарға құжатты еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде Одақ аймағына шығарылатын өнімнің 85% бірыңғай техникалық регламентке ие. Қалған 15% ұсынылып отырған заң реттейтін болады.
Атап айтқанда, сағат, тіс щеткасы сынды зергерлік және тұрмыстық жабдықтар біркелкі реестрге қосылады. Сол арқылы олар ортақ экономикалық кеңістікте еркін айналымға түсіп, техникалық талаптары белгіленеді. Бұл жайт таңбалау мәселесін де реттейді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Келісім бизнес үшін әкімшілік кедергілер тудырмайтынын атап өткен жөн. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жеткілікті шарты сынақтардың нәтижелері бойынша жарияланған стандарттарға сәйкестігі болып табылады. Өнім туралы мәліметтерді ақпараттық базада жинақтау көзделеді. Олар тұтынушылар үшін қолжетімді және нарықтағы жағдайды зерттеу мақсатында пайдалануға ашық болады. Бұл жаңа өнім түрлерінің пайда болуына жедел ден қоюға және тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов