Жамбыл облысында 3 жылда 80-нен астам өндірістік жоба іске асырылады

Жамбыл облысында 3 жылда 80-нен астам өндірістік жоба іске асырылады

Жамбыл облысында еліміздегі ең ірі металлургия зауытының құрылысы басталды. Премьер-министр өңірге жұмыс сапары аясында толық циклді кешенді жүзеге асыру барысымен танысты. Жалпы құны 1,2 млрд долларды құрайтын ауқымды жобаны қытайлық компания қаржыландырған. Өндірісте тікелей тотықсыздандыратын қоршаған ортаға зиянсыз технология қолданылады. 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған кәсіпорынның жылдық қуаты алдымен 1 млн тоннаны, ал 2029-шы жылға дейін бұл көрсеткішті үш есе арттыру көзделіп отыр. Үкімет басшысы, сондай-ақ, 3 млн тоннаға дейін жүгеріні терең өңдейтін өндіріс ошағының құрылыс басына барды. Бұл жобаны да аспан асты елінің инвесторы қолға алған. Өнеркәсіп кешен құрамына крахмал зауыты және үш биоферментация кәсіпорны кіреді. Негізгі нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.

Ержан Елекеев, «Kazakh Invest» ҰК» басқарма төрағасы:

- Үш-төрт жыл ішінде инвестицияның жалпы көлемі 1 млрд доллардан асады. Ал мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазақстанда шығарылған өнім Қытайға, Араб елдеріне және Еуропа елдеріне сатылады деп жоспарланып отыр.

Бұл қос нвестициялық жоба «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылуда. Мұнда барлығы 18 қатысушы бар. Негізінен химия, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, энергетика сынды  саладағы ірі өндіріс ошақтары. Дені экспортқа бағытталған.

Әбілхайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Қазірдің өзінде 9 зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жалпы құны 1 трлн теңгеге жуық. Былтырғы жылы 15 млрд теңгеге инвестиция салынса, осы экономикалық аумақтың өзіне, биылғы жылы соны 10 есе асыра орындап, 150 млрд аса қаржы саламыз  деген жоспар бар. Жалпы қазіргі таңда  82 жоба бар 3 жылға, яғни 25-28 жылдарға жоспарланған. Жалпы құны 3,6 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде топ ірі жобалар бар жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?