Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі заманауи құрылғылар: ұшқышсыз ұшу аппараттары дрондар мен өрт сөндіру үшін әуе кемелеріне қажет су шашу құрылғыларымен толыға түседі. Осыған қатысты Үкімет қаулысы шықты. Бүгінде ел құтқарушылары 27 ұшқышсыз ұшу аппаратымен қамтылған. Тілсіз жау ошағымен күресу үшін әуе арқылы 12 су шашатын құрылғы бар. Жалпы әуе паркі көпфункциялы 34 әуе кемесінен тұрады. Биыл тіркелген дала және орман өрттері олардың санының жеткіліксіз екенін көрсетті. Сондықтан, министрлікті арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауда.
Динара Алимова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:
-Үкімет резервінен төтенже жағдайлар министрлігіне 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын және министрліктің әуе кемелеріне 5 су шашу құрылғысын сатып алуға 633 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қосымша техника сатып олу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.