Қазақстан қарусыздану бойынша әлемге үлгі

29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн. Бүгінде Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесіне қатысты ұстанымы берік. Бұл қағида бір жағынан жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке өз үлесін қосып жатса, екінші жағынан Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруда. Халықаралық беделді ұйымдар Қазақстаның ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдерісте көшбасшылығын жоғары бағалайды.

Изуми Накамицу, БҰҰ бас хатшысының орынбасары, қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі:

– Қазақстан ядролық қарусыздану бойынша жетекші әлемдік көшбасшылардың бірі. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күннің маңызы айрықша. Елдеріңіз ядролық сынақтарға қарсы бастама көтеріп, оған қарсы алғаш болып дауыс бергендердің бірі. Бұған Семей полигонының жабылуы дәлел. Бұған қоса, Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қолдайды. Сонымен қатар, ядролық қаруды сынауға оны таратпау жөніндегі шарттың екінші дайындық отырысына жемісті төрағалық етті.