Түркі интеграциясының рөлі артып келеді

Түркі интеграциясы экономикадан бастап мәдениетке дейінгі дамудың жаңа белесін бағындыруда. Бұл бағытта Түркі мемлекеттері ұйымының да сүбелі үлесі барын айту керек. Бүгінде бауырлас елдер бір мүддеге ұйып, халықаралық аренадағы рөлін күшейтуге бел сыбана кірісті. Қазіргі жаһандық өзгерістерді еңсеру қамында ортақ бағыт-бағдардың болуы маңызды. Күш-жігердің бірігуі - мол экономикалық мүмкіндіктер ашады. Әсіресе бірыңғай экономикалық кеңістік құрып, транзиттік дәліздерді сабақтастырудың әлеуеті зор. Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш SILK Way телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында осылай деді.

Нуман Куртулмуш,  Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы:

-Бұл құрылым түрік әлеміне жаңа есіктер ашады. Біз Орталық Азиядан Анадолыға, тіпті Балқанға дейін созылып жатқан және басқа елдерде өмір сүретін 300 миллионға жуық түрік халқы туралы айтып отырмыз. Бұл халықтардың ортақ мүдделері аясында ұйымдасып, түрік мемлекеттері бірлестігі немесе басқа жолдар арқылы осы бауырлас халықтардың бірлігін жарастыруға тырысып бағу орынды және дұрыс деп санаймын.