«Әділетті және
Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық
коалициясының мүшелері Ақмола облысына барып, тұрғындармен жүздесті. Кездесуге
өңір жастары, спортшылар, еңбек ұжымдары мен туристік сала өкілдері қатысты.
Ерлан Қошанов жаңа Конституцияның мемлекет үшін маңыздылығын атап өтіп, елдің
жаңа тарихи кезеңге қадам басып келе жатқанын айтты. Мәжіліс спикері Халық
кеңесінің құрылуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл институт қоғамдық
диалогты жаңа сапалық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Ерлан Қошанов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бұл
Қазақстанның біртұтас халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган
болады. Ассамблеяның барлық инфрақұрылымы, бірегей тәжірибесі сақталып, жұмыс
істейді. Халық кеңесі өңірлерді, азаматтық қоғам мен этномәдени бірлестіктерді
бір жерге тоғыстырады. Бұл біздің көпэтносты халқымыздың пікір білдіру деңгейі
бұрынғыдан үш еселенеді деген сөз. Ол Ассамблеяның жинақталған тәжірибесін ескере
отырып, заңнамалық күн тәртібін дербес қалыптастыратын біртұтас жүйеге айналады.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар тәуелсіздікті нығайту, адами капиталды дамыту, еңбек адамы мен жастарды қолдау үшін жаңа Ата заңның маңыздылығын атап өтті. Әділет, әлеуметтік қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайы, мәдени және табиғи мұраны сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

