Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 Конституциялық заңға қол
қойды. Олар 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Ата заңның
нормаларын бекітеді. Олардың бірі «Қазақстан Республикасының Президенті туралы».
Онда Мемлекет басшысы - халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның
мызғымастығының, сондай-ақ адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының кепілі
делінген. Президент мемлекеттің ішікі және сыртық саясатының негізгі бағыттарын
айқындайды, ел ішінде және сыртқы қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік
етеді. Бұдан басқа, заң вице-президент институтын енгізеді.
Президент сондай-ақ Құрылтай құруды көздейтін
Конституциялық заңға қол қойды. Бұл елдегі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын
ең жоғары өкілді орган. Ол партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан
тұрады. Заңда Құрылтай өкілеттіктерінің кең ауқымы айқындалған. Депутаттар
Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Соттың судьяларын, Орталық
сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім
береді, сондай-ақ Құрылтай Президент сайлауын тағайындайды және республикалық
бюджеттің атқарылуы туралы есептерді бекітеді.
Халық Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттігін Мемлекет
басшысы қол қойған тағы бір Конституциялық заң айқындайды. Жаңа орган
мемлекеттік саясатты қалыптастыруда қоғам мүддесін қорғайды. Халық Кеңесі ішкі
саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, Құрылтай қарауына енгізе
алады, сондай-ақ бүкілхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасау құқығына
ие.
Борис Поломарчук, саясаттанушы:
- Бұрын қоғамдық институттар негізінен ұсыныстармен шектеліп, қоғамдық алаңдарда талқылау, қандай да бір сараптамалық байламдар жасаудан әріге бара алмайтын. Енді, міне, сараптамалық ортадан шыққан бастаманы, ең әлеулгі сатыдан – құрылтай қарауына жіберілгенге дейін толық сүйемелдеу, қандай да бір нақты шешім қабылдауға дейін жеткізу мүмкіндігі пайда болады. Келесі кезекте осы тетікті ұтымды жүзеге асыру, бәрін сапалы, талапқа сай атқару міндеті тұр. Менің ойымша, осы тұрғыдан біз мемлекетіміздің дамуына қосымша демеу беретін жаңа бірегей алаң құрдық.
Бұдан бөлек, «Астананың мәртебесі туралы» және
«Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» Конституциялық заңдарға қол қойылды.
Алғашқы құжат Астананың даму тәртібін айқындаса, екіншісі - аумақтық басқару
мәселелерін реттейді.

