ШЫҰ: Қазақстан – Өзбекстан. Туризм және спорт саласының дамуы

Алматы қаласындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері кездесуінің басты мақсаты - спорт пен туристік әлеуетті дамыту. Қазақстанның бастамасымен ұйымның туризм саласындағы 2024-2025 жылдарға арналған бірлескен жоспары әзірленіп, қабылданды. Ол 20-ға жуық іс-шараны қамтиды.

Құжатта инфрақұрылымды жетілдіру, туристік сұранысты ынталандыру, саяхатшылар үшін сервисті жақсарту және аймақ бойынша туристік бағыттарды ілгерілету шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, әрбір ел бірегей туристік мүмкіндіктер мен ресурстарды ұсына отырып, өз үлесін қосады.

Ермек Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі:

-Біздің министрлік жанында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті жұмыс істейді. Ол түркі әлемінің рухани туристік астанасы - Түркістан қаласында орналасқан. Алдағы академиялық жылы біз әр елден 2 өкілден бастаманы басым негізде қабылдауға дайынбыз. Біздің бастамамыз - ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұдан басқа, ШЫҰ аясында ұйымның туристік мәдени астанасы жобасы табысты іске асырылуда. Алматы бұл мәртебені келесі қалаға беруге дайын. Біз өз тарапымыздан аспан асты еліндегі Циндао қаласының ШЫҰ туристік мәдени астанасы ретінде кандидатурасын қолдауға дайынбыз.

Ермек Маржықпаев өз сөзінде ШЫҰ аясында спорт саласы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Ермек Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі:

-Бүгін осы кездесу барысында біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, дене шынықтыру және спорт саласын одан әрі дамыту жөніндегі көзқарастарымызды ортаға салудың бірегей мүмкіндігіне ие болдық. Біз бірлесіп спорттық күн тәртібін ұйым ішінде ғана емес, әлемде де қалыптастыра аламыз.

Қазақстан мен Өзбекстан бай мәдени мұраларға ие. Өзбекстан министрі Азиз Абдухакимов туризм саласындағы бірлескен жобалар тәжірибе алмасуға ықпал ететінін атап өтті.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі:

-Біріншіден, аталған шараны тамаша ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтқым келеді. Қазақстан Республикасының Президенті, құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Хиуа қаласына жақында жасаған сапары барысында біз Мемлекет басшыларының достық реңктегі сұқбатын көрдік. Әріптесім Ермек Боранбайұлымен бірге алдағы уақыттағы жоспарлар мен нақты нұсқаулар алғанымызды атап өткім келеді. Бізге Өзбекстан мен Қазақстанның біртұтас туристік кластерін құру тапсырылды, осылайша біз алғашқы қадамды жасаймыз. Алдағы уақытта ШЫҰ-ның өзге де елдері арамызға қосылады деп үміттенеміз. Біз жаңа көлік-логистикалық дәліздер құру, соның ішінде Ұлы Жібек жолы арқылы керуен-сарайлар желісін құру туралы бастамалар көтердік. Олар түрлі туристік дестинацияларды байланыстыра алар еді. Өзбекстан жаңа трансшекаралық туристік өнімдерді құру жөнінде қосымша бастама көтерді. Мысалы, Өзбекстанның мәдени-танымдық туризмін Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның табиғи ресурстарымен тиімді үйлестіруге болады. Атап айтқанда, бұл – көшпенді туризм, сондай-ақ табиғи саябақтар бойынша туризм. Бұл шынымен де жаһандық шара.

Қазақстан ұйымның барлық дерлік елдерімен визасыз режим орнатқан. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанға келетін шетелдік туристер ағынының 62 пайызы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының азаматтары. Кездесу барысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қытай, Иран және Ресейдің тиісті ведомстволарының басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Аспан асты еліндегі әріптесі Гао Джиданьмен ынтымақтастық және 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарына қатысу мәселелері талқыланды. Алматыда өткен ШЫҰ отырысының қорытынды құжаты туризм бойынша 2024-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қою болып табылады. 

Ермек Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі:

-Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, биылғы жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында біздің елде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін айтқым келеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - бұл елордада 100 мыңнан астам саяхатшыны жинайтын ірі туристік шара. Сіздерді елордамыз Астана қаласындағы бірегей жобаның жүзеге асырылуын өз көздеріңізбен көріп, тамаша әсер алуға шақырамыз.