Түрікменстан көлік-транзит әлеуетін дамытуда

Түрікменстан көлік-транзит әлеуетін дамытуда

Түрікменстанда «Мары - Түркіменабат» жол учаскесі ашылды. Ол «Ашхабад-Түрікменабат» жоғары жылдамдықты магистралінің бір бөлігі болып табылады, әрі «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» транзиттік дәліздерінің құрамына енеді. Ұзындығы 600 шақырым жол ел астанасын шығыс өңірімен байланыстырады. Алты жолақты трасса интеллектуалды бақылау жүйесімен жабдықталып әлемдік сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сай келеді - нақты уақыттағы бейнебақылау жол үстіндегі деректерді жинақтап тиісті мекемелерге жөнелтеді. Сарапшылардың айтуынша, тас жол жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар үшін жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Оның үстіне трассаның ашылуы Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Тұрақты көлік онжылдығының басталуымен тұспа-тұс келді. Бұл құжатқа бастамашы болған Түрікменстан үшін мұндай нысанды іске қосу жаһандық логистикалық жүйеге ықпалдасуға мүмкіндік береді.

Сердар Агамырадов, «Туркменавтоёллары» мемлекеттік корпорациясының маманы:

- Жолдың бұл бөлiгi әлемдiк стандарттарға толық сай келетiн күрделi инженерлiк-техникалық кешен болып табылады. Трасса бойында 11 көпір салынып, жүргізушілер мен жолаушылардың жайлылығы үшін барлық қажетті инфрақұрылым жасалды. Атап айтқанда, 2 қонақ үй, шағын және үлкен төлем терминалдары, сондай-ақ 5 заманауи автожанармай құю станциясы салынды.

Фелипе Дуке, Gea Француз компаниясының коммерциялық директоры:

- Біздің компания жол ақысын алу жүйесін, сондай-ақ бейнебақылау жүйесін жабдықтауды жүзеге асырды. Бұл нысандардың сертификаттары әртүрлі ISO стандарттарына сәйкес келеді. Олардың қатарына - жүйелердің қауіпсіздігін басқару және жол ақысын алу жүйесінің қауіпсіздігі талаптары да кіреді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?