Бельгияда Қазақстанның жаңа Конституциясы талқыланды.
Брюссельдегі баспасөз клубында Еурокомиссия және Еуро Одақ Кеңесі өкілдеріне,
сондай-ақ дипломаттар мен сарапшыларға басты өзгерістер туралы айтылды. Сенатор
Евгений Больгерт пен Қазақстанның Еуро Одақ жанындағы елшісі Роман Василенко
жаңа Ата заңда билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің нақты бөлінісін атап
өтті. Парламенттің рөлін күшейту, оның бақылау тетігін кеңейту және сот жүйесі
тәуелсіздігінің қосымша кепілдіктері талқыланды.
Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Халық Кеңесі ең алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының
құқықтық мирасқорына айналады. Екіншіден, бұл Ұлттық Құрылтайдың табысты жұмысының
нәтижесі. Бұл азаматтық қоғам мен
мемлекеттің бірлескен іс-қимыл тәжірибесі. Халық Кеңесі заң қабылдамайды, бірақ
ол пікірталас қорытындысы бойынша қоғамға қажет, Құрылтай қарауы және қабылдауы
тиіс қандай да бір заңды әзірлеуге бастамашы болуға құқылы.
Кездесуде азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын оңтайландыруға
да назар аударылды. Ол қоғамдық диалог пен жаңа консультативтік форматтар
арқылы іске асырылады. Сондай-ақ заң үстемдігі және мемлекеттік институттардың
ашықтығын арттыру талқыланды. Сонымен қатар, цифрлық саладағы адам құқықтары,
экологиялық жауапкершілік және әлеуметтік саясат туралы сөз қозғалды. Бұл
нормалар жаңа Конституцияда бекітілген.
Маурицио Джери, Халықаралық қатынастар сарапшысы:
- Бұл ауқымды
өзгерістер жоғары бағаланады. Менің ойымша, бұл Қазақстан үшін маңызды кезең,
себебі Қазақстан Орталық Азиядағы ең гүлденген ел болып табылады. Жаңа жүйенің
экономикаға қалай әсер ететіні қызық - шикізат моделінен қосылған құны жоғары өндіріске
көшу, өнеркәсіп пен технологияны дамыту мақсаты қойылған. Әңгіме инвестициялар,
стартаптар, білім мен ғылымға капитал тарту туралы болып отыр. Осының бәрі
Қазақстанның өңірдегі экономикалық трансформация көшбасшысы ретіндегі орнын
нығайтуға тиіс.
Қатысушылар конституциялық реформалар инвесторлардың
сенімін нығайтады және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық
көкжиегін кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деген пікір білдірді.
Мэрилин Джозефсон, Еуропалық кеңес президентінің Орталық
Азия елдерімен байланыс жөніндегі кеңесшісі
- Конституциялық референдум Қазақстанның дамуындағы
маңызды кезең. Азаматтардың белсенді қатысуы инклюзивті және орнықты
реформаларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұл өзгерістер тұрақтылық пен
ашықтықты арттырып, Еуроодақпен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік негізін
қалыптастырады.

