Қазақстандық бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды. 139 әскери БҰҰ бөлінуді бақылау жөніндегі күштері миссиясы құрамында қызмет атқарады. Алматыда Ұлттық бітімгершілік контингенті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бұған дейінгі екі құрам да қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы басшылығынан жоғары баға алғанын айта кету керек. Қазіргі таңда 150-ден астам қазақстандық бітімгер БҰҰ Таяу Шығыстағы және Африка континентіндегі 7 миссиясына қатысып жатыр.
Ришат Садықов, бітімгершілік миссияға қатысушы:
- Біздің ол жақтағы басты тапсырмамыз екі ел арасындағы бөлінуді бақылау болып табылады. Ол тапсырманы күнделікті патруль қызметтері, инженерлік қамтамасыз ету және гумманитарлық көмекті қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырамыз. Біз 3-ші ұлттық контингент жеке құрамы алдымызға қойған тапсырманы жоғары деңгейде орындап, бір жылдан кейін елімізге аман-есен оралуға міндеттіміз.
Исламжан Шамиров, бітімгершілік миссияға қатысушы:
- Мен үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына қатысу
үлкен мәртебе және жауапкершілік. Мен Қазақстанды халықаралық аренада
таныстырып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға өз үлесімді қосқым келеді.
Біздің дайындығымыз бірнеше айға созылды. Үздіксіз жатығуларымыздың басты
мақсаты қатаң тәртіп пен взводтың бірлігін сақтау болды.

