Марафоншы Сәрсенбай Қотырашов Қазақстаннан Қытайға жаяу саяхатқа аттанады

Өскеменнен Бейжіңге дейін жаяу. Қазақстандық жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев жаңа бағытты бағындыруға жолға шығады. Қытайға жеткенге дейін ол Алтай арқылы Моңғолияны басып өтеді. 74 жастағы зейнеткер бұл жолғы сапарын қыркүйек айында елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнап отыр.

Тәжірибелі марафоншы темір ұстасы болған, мәдени мұралардың реставрациясымен айналысқан. Осыған орай, осы сапарында көшпелі халықтың мәдениеті мен қазақтың тарихын әлемге насихаттамақ. Жиһанкез былтыр Ресей, Грузия, Түркия мемлекеттеріне сапарлаған еді. Бас-аяғы 3000 шақырымдай жолды 100 күнде бағындырған. Бұл жолғы сапарында 4 мың шақырымнан астам жолды артқа тастамақ. 

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

– Ұйықтауға арналған қапшығым дайын, егер елді-мекенге жете алмасам, далада түнеймін. Мұның бәрі арнайы велосипедтің дөңгелектерінен жасалған арба сияқты шабаданда жинаулы тұр. Жолдорбама Қазақстан мен баратын мемлекеттерімнің жалаушасын салып жүрем. Жеткен елімнің туын іліп қоямын. Бұл арқылы сол елмен ынтымақтастықта екенімізді көрсеткім келеді.