Тұңғыш Қорғаныс Министрінің мерейтойына арналған көрме ашылды

Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс Министрі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл. Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Қарулы Күштерінің негізін қалаған қайраткердің өмірі жайлы баяндайтын көрме елордада ашылды. Ел назарына бұрын-соңды көрсетілмеген суреттер мен тың материалдар, жарлықтардың көшірмелері және батыр жайлы жазылған мақалалар ұсынылды.

Құнды құжаттардың бірі: Тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс комитетінің – Қорғаныс министрлігі болып өзгертілуі туралы жарлық. Сонымен қатар, Сағадат Нұрмағамбетовтың осы ведомствоны басқарып тұрған кезіндегі суреттері көпшілікке ыстық көрінеді. Шара барысында даңқты тұлғаның көзін көрген азаматтар естеліктерін бөлісті. 

Бақытжан Ертаев, Халық қаһарманы:

– Қазақстан Қарулы Күштері Комитетінің төрағасы Кеңес ардагері, генерал-лейтенант Сағадат Қожахметұлы тағайындалды дегенде, мен атып тұрып айқайлап жібердім. Елге асықтым. Сол кісінің қолын алғым келді. Тіпті, оның қарамағында қарапайым сарбаз болуға да дайын болдым. Сол арманым орындалды. 

Айсұлу Нұрмағамбетова, Сағадат Нұрмағамбетовтың қызы:

– Әлбетте, бұл өте қиын кезең еді. Одақ ыдырады, офицерлер өз елдеріне кетіп жатты, техника алыс-беріс болды. Ол таңертең сағат 6-да іссапардан ұшып келіп, 8-де жұмысқа кететін. Біз: «Әке, түске дейін ұйықтап алсаңызшы»,  деген өтінішімізді мүлдем елемейтін.