Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Президент атап өткендей, қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Бірақ озық жетістіктер де ел игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс.
Мәселен, қазір техногендік және табиғи апаттарды болжауға ғылымның мүмкіндіктерін барынша іске қосу маңызды. Осы мақсатта елімізде Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институты қайта қалпына келтіріліп, Сейсмология институтының әлеуеті арттырылады.
«Өз кезегінде Үкімет ғалымдардың ұсыныстарын ескеретін болады. Жаңа идеялар мен әзірлемелер экономикаға пайда әкелуі тиіс. Ал коммерцияландыру үшін әлеуетті тиімді ғылыми жобалар іске асырылуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл үшін әкімдіктер жанынан ғылыми кеңестер құрылады. Жасанды интеллектке де басымдық беру керек. Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр. Ал жас ғалымдарды қолдау аясында Мемлекет басшысы докторантурадан кейін шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру және «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізуді ұсынды. Ғалымдар да өз пікірлерін айтты.
«Олардың ойлары міндетті түрде ескеріледі», - деп атап өтті Президент.